https://www.instagram.com/p/CH-LQDIluAV9w3OylwDOOSULiyWrfpqYoRR1pE0/?igshid=102me25j5nfwh
Көкшетау қаласының тарихы
Әр қаланың өз шығу тарихы болады. Кейбiрiнiң тарихы ғасырлар қойнауына бастау алып жатады. Мiне, бiздiң Көкшетауымыз да, көнеден қалған ескi шаһар болмаса да, бiр жарым ғасырлық тұтас бiр дәуiрдi артқа тастаған екен. Оның ресми пайда болған уақыты — 1824 жыл. Бiрнеше буын ақын-жыршыларға шабыт сыйлап, жырларына арқау болған сол Көкшетау бiздiң ұйытқымыз болып, өз тарихын ары қарай жалғастырып келедi. Көкшетау — киелi мекен, бұл киелi мекенде бой көтерген қала да сол киелi топырақтан нәр алып, оның өзiне ғана тән ерекшелiктерiн бойына сiңiрген. Тек сол үшiн ғана ақын Жұмағали Саинның мына өлең жолдары бұлтармас ақиқақ болып қалады:
«Кто хоть раз заставал в Кокшетау восход,
Кто хоть раз любовался им с горных высот,
Если сердце — не камень в груди его бьется,
В нем любовь Кокшетау вовек не умрет»
Бұл өшпес махаббатын киелi қаламыз уақыт арнасында ту етiп көтерiп келедi. Бұл сезiммен оның алғаш қазығы қағылды, бұл сезiммен тұрғындары оның нар тұлғасын биiк ұстап, абыройын асқақтатуда.
ХIХ ғасырдың аяғында станицада 30 орындық шағын аурухана салынды. Оның ремиссары болып коллеж хатшысы Аншыпу тағайындалды. Аншыпу Көкшетаудың ең бiлiмдi, сауатты адамдарының бiрi болды. Ол тек көшiп келгендердiң ғана емес, жергiлiктi халықтың да ем алуына жағдай жасау үшiн аянбай еңбек еттi. Сонымен қатар станицада дәрiхана да салынды. Оның иесi iрi кәсiпкер Березин болатын. Бұл дәрiхана қазiргi күнi «Тұмар» ЖАҚ дәрiханасының орнында орналасқан (бұрынғы №1 дәрiхана).
Көкшетау қашаннан берi көпқабатты қала атанып келедi?
Тарихшылардың айтуынша, бұл жағдай ХХ ғасырдың бас кезiнде орын алған. 1904 жылы салынған көпес Смуровтың үйi — алғашқы екi қабатты құрылыс үлгiлерiнiң бiрi. Қазiргi күнi бұл бiздiң Өлкетану музейi.
1919 жылдың 11 желтоқсанында медициналық, санитарлық-эпидемиялық, фармацевтикалық бөлiмшелерi бар Денсаулық қорғау бөлiмi ашылды.
1919 жылдың 15 желтоқсанында Халық үйi ашылған болатын. Мұнда төрт секция жұмыс iстейтiн: кiтапхана секциясы, дәрiс секциясы, музыкалық-вокалдық, және драмалық секциялар. Секциялар спектакль, концерт, дәрiстердi ұйымдастыратын. Халық үйiнiң жанында пианино, скрипка және үрмелi аспаптар музыкалық мектептерi ашылды. Мектептерде 6 оқытушы сабақ берiп, 180 оқушы бiлiм алды.
1920 жылы Көкшетауда халық бiлiмi бөлiмiнiң бастамасымен өлкетану музейi ашылды. Оның экспозициялық негiзiн түрлi құнды жәдiгерлер — ескi қару жарақтар, шығыс мәдениетiнiң жәдiгерлерi құрады. Жергiлiктi атқарушы комитеттiң бiр топ қызметкерлерi — Пригожий, Жуков және т.б. бұл музейдiң негiзiн қалаған болатын. Музей жетекшiлiгiне И.Н.Ульяновтың әскердегi қатарласы, В.И.Лениндi гимназия кезiнен жақсы танитын И.С.Хохлов есiмдi азамат шақыртылды.
1920 жылы қалада Көкшетау уездiк ұйымдастырушылық бюро және революциялық комитет органы «Красный пахарь» газетiнiң бiрiншi саны жарыққа шықты. Газет орама қағаз бетiнде, аз тиражбен басылды.
1920 жылдың 5 маусымында В.И.Лениннiң ұсынысы бойынша РКФСР Совнаркомы Петропавловск-Көкшетау темiржолын салу туралы шешiм қабылдады. Ол бай ауылшаруашылық өлкенi игеруге көмек бередi деп есептелдi. В.И.Ленин өзi жеке темiржол құрылыс жұмыстарын бақылауда ұстады, оны ерекше маңызды нысан деп танып, басты азық-түлiк темiржол тiзбегi деп атады. Сонымен, 1922 жылдың 2 маусымында қала тұрғындары алғашқы паровозды қарсы алды.
1923 жылы Көкшетауда орыс педагогикалық техникумы құрылды, бұл техникум 1928 жылы қазақ педучилищесiне айналды.
1923 жылдың аяғында қызықты оқиға орын алды, көкшетаулық И.Савельев «Казак» жазу машинкасын ойлап тапты. Орынбордағы (сол кездегi республика астанасы) сарапшылар комиссиясы бұны сол кездегi американдық құрылымдармен салыстырғанда ең үздiк өнертабыс деп бағалады. Көп ұзамай өнертапқыш Ақмолалық губисполком тарапынан дәл сондай 20 машинка жасап шығаруға тапсырыс алды. Бiздiң жерлесiмiздiң жасап шыққан жазу жүйесi аз уақытта мамандардың назарын аудартып, ұзақ уақыт халыққа қызмет еттi.
1925 жылы алғашқы сатыдағы 6 мектеп жұмыс iстедi, оның бiрi қазақ мектебi, бiрi татар мектебi болса, төртеуi орыс балаларын оқытты. Сонымен қатар жетi жылдық орыс мектебi ұйымдастырылды. Барлық мектептерде 1212 адам бiлiм алып, 32 мұғалым жұмыс iстедi.
1925 жылы тұңғыш рет Халық үйi ғимаратында алғаш радиоқабылдағыш орнатылды.
1927 жылы алғаш радиотiзбек өз жұмысын бастады.
1929 жылы шарап зауыты және механикалық зауытпен қатар, кондитерлiк өнiмдердi өндiруге мамандандырылған «Рассвет» артелi құрылды. Қала тұрғындары арасында «подушечки» деп аталып кеткен карамельдер ерекше сұранысқа ие болды. Артель қалалық iшкi iстер бөлiмi ғимаратының орнында, Горький көшесiнде (бұрынғы Базарная көшесi) орналасты.
«Прогресс» артелi аяқ киiм кремi, желiм, ыдыс-аяқ, қыш өнiмдерi сияқты заттарды өндiрдi. Сонымен қатар қалада ағаш бөшкелер жасайтын күбiшiлер артелi де жұмыс iстедi.
1932 жылы тiгiн iсiмен айналысатын «Красный ломовик», одан сәл кешiрек «Красное знамя» артелi құрылды. Жыл сайын 14 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Зерендi тас жолының бойында ұйымдастырылып отырған жәрмеңкелер қаланың бойына қан жүгiрттi. Көп ұзамай ол жалпақ елге танылып, мұнда Петропавл, Қорған, Омбы, Семей, Ақмола, Қарқаралыдан көпестер ағыла бастады.
Қаламыздың өткенi мен тарих беттерiне түсiп жатқан бүгiнгi күнi өз қаласына адал қызмет еткен адамдардың ерен еңбегiнiң арқасында жасалып жатыр.
1974 жылы қаланың 150 жылдық мерейтойына орай «Көкшетау қаласының құрметтi азаматы» атағы бекiтiлдi. Оны алғаш иеленгендер — қоғам қайраткерi, Қаз ССР Еңбек сiңiрген мәдениет қайраткерi Е.В.Куйбышев, құрылғы жасау зауытының ардагерi, КСРО құрылғы жасау iсiнiң үздiгi М.Абулкасымов сияқты азаматтар болды.
Осылайша күнделiктi күйбеңiмен, қызу еңбегiмен бiздiң туған қаламыз тыныс алып, өмiр сүрiп келедi. Ол бiзбен бiрге қуанады, бiзбен бiрге мұңаяды, өйткенi қалалар да адам сияқты, олардың өзiндiк келбетi мен тұлғасы, қайталанбас тарихы болады.
Ескерту: кiтапханамызда ақын Жұмағали Саинның өлең жинағының болмауы себебiнен, жоғарыда келтiрiлген өлең жолдарының қазақ тiлiндегi нұсқасын келтiру мүмкiн болмады.